13
февраль
2024
Құзырлы орындардан келген атқамінерлерді ұйып тыңдаған ата-аналар бала тәрбиесінде орын алып жатқан олқылықтар мен ағаттықтардың алдын алуға бағытталған жұмысқа оң бағасын беріп, бала тәрбиесіне немқұрайлылық танытпау қажеттігін ұғынғандай.
А.С.Макаренко атындағы орта мектебінде ұлт болашағын ойлаған ел ұрпақ қамы үшін іс қылып, бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөледі. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Оны қалай иіп тастасаң, солай өседі» деп дөп айтқан. Демек, баланың қабырғасы қатайып, бұғанасы бекімей тұрып тәрбие мен білімнің нәрін тел емдіру керек. Әрі ұрпақ тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздың еңбегі ұштасып жатуы тиіс. Осыған орай А.С.Макаренко атындағы орта мектебінде кезектен тыс ата-аналар жиналысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Сұлтанбаев Найман Кенжеханұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Қойтөреев Дінмұхамбед Лашынұлы, мектеп директоры Тунгатаров Асхат Асанбекұлы және ұстаздар мен ата-аналар қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе Ата-аналар комитетінің төрағасы яки төрайымын сайлау бойынша жиынға келген ата-аналар дауысқа салды. Көпшілігі дауысқа салғанда қоғамда өзіндік орнын қалыптастырған, мектепте балалары озат оқитын, үлгі болуға лайықты ата-ананы сайлауға мән берді. Дауысқа салудың нәтижесі бойынша Ата-аналар комитетінің төрағасы болып бірауыздан Таджир Абдуллаев сайланды.
Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Сұлтанбаев Найман Кенжеханұлы мен аудандық полиция бөлімінің бастығы Қойтөреев Дінмұхамбед Лашынұлы сөз алып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді атап өтті. Атап айтсақ, ерте жүктілік, ұрлық-қарлық, ұрып-соғу, әлімжеттік, бопсалау, өз-өзіне қол салу, лудомания сынды фактілерді алға тартып, өскелең ұрпақтың осы бір кертартпа әдеттерге бой алдырмауы үшін бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды. Құзырлы орындардан келген атқамінерлерді ұйып тыңдаған ата-аналар бала тәрбиесінде орын алып жатқан олқылықтар мен ағаттықтардың алдын алуға бағытталған жұмысқа оң бағасын беріп, бала тәрбиесіне немқұрайлылық танытпау қажеттігін ұғынғандай.
#Жалпыата-аналаржиналысы

